Ақтөбеде ірі дүкен менеджері тұтынушыларды 50 млн теңгеге алдап соққан

Прокуратура бұл іске қатысты толық мәлімет беруден басын ала қашқан. Себебі құпия дейді. Тіпті, жәбірленушілердің өзі тергеу барысы жайынан мақұрым.

Ақтөбедегі құрылыс материалдарын сататын ең ірі дүкеннің менеджері ондаған кәсіпкерді алдап соқты. Ол карантинді желеу етіп, тапсырыс берушілерден тауар үшін алдын ала ақша жинап алған. Тіпті өзі жұмыс істейтін компанияны да белшеден қарызға батырыпты, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ең қызығы, дүкен басшылары мен алданған кәсіпкерлер бір қалада тұрса да, бір-бірімен байланыса алмаған. Себебі, карантиндік шектеуге байланысты барлық мекеме жабық болған. Оның үстіне ақтөбелік кәсіпкерлер екі жыл бойы сенімді серіктеріне айналған менеджер сан соқтырып кетеді деп мүлдем ойламаған. Тек қазір ғана оның әккілігіне таң қалып отыр.

31жастағы Артур Саламатин көктемдегі қатаң карантинді пайдаланып, қомақты қаржыны қарпып қалған. Яғни ол өзі жұмыс істейтін дүкен желісінің қызметін тоқтатып, кеңседегілердің де бірнеше апта жұмысқа шықпайтынын біледі. Сол бойда тапсырыс берушілерді аралап, айналдырған төрт күнде құрылыс заттарын жеткізіп беремін деп 50 миллион теңгеден астам ақшаны алдап жинап алған.

Марат Досқожаев, кәсіпкер:

- Біз тапсырыс бердік. Ақша алдын-ала бердік.Ол ақшаны алып жоғалып кетті.Тауар да жоқ, өзі де жоқ. Тауар келген жоқ. Бірақ тауар ертең келеді, арғы күні келеді деп айтып жүрді. Содан жоғалып кетті.

Бар ақшаны қалтасына басқан Артур Саламатин содан бері бой тасалап, тығылып жүріпті. Туыстары іздеу салып, тәртіп сақшыларына хабарласқан. Осыдан кейін полицейлер оны Ақтөбедегі жалдамалы пәтерден табады. Ол өзінің жұмыс орнын да қарызға белшеден батырған.

Ерғали Амангелдіұлы, сауда желісінің қауіпсіздік қызметі бастығы:

- Тәуелсіз аудит жалдаған кезде шамасы 35-36 миллиондай шығын шықты. Ол мына пандемияны қолданып, біздің клиенттеріміздің жабылып қалғаны туралы, жұмыс істемей тұрғаны туралы айтты. Осындай сылтаумен ақша жоқ екен деп айтып жүрді.

Жақында Артур Саламатинге қатысты қылмыстық істі прокуратура тәртіп сақшыларына кері қайтарған. Енді алданған кәсіпкерлер ол жазасыз қала ма деп қорқады. Бірақ құқық қорғаушылар тергеу толық аяқталған жоқ деп отыр.

Алмас Орынғалиев, Алматы аудандық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

- Кейбір сұрақтар ашылмаған тергеу кезінде. Сол сұрақтарды шешу үшін, сұрақтарды көрсету үшін қылмыстық іс бойынша сотта дұрыс қарау үшін жіберілген. Қылмыстық іс қозғалған. Қазір өндірісте. Тергеу әрекеті біткен соң сотқа жіберіледі.

Ондаған кәсіпкерді алдаған Артур Саламатиннің үстінен аса ірі көлемде алаяқтық жасағанына байланысты іс қозғалған. Ол сан соқтырып кеткен құрылыс саласының бизнесмендері әлі біршама екен. Бірақ көбінің менеджерге сенгені сондай, ақша бергенде қолхат немесе құжат алмапты. Сондықтан полицейлерге арыздарын өткізе алмай отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: