Түркістан облысында әйел күйеуінің жоғалғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Келес ауданының полициясына келген әйел бірнеше күн бойы күйеуін таба алмай жүргенін айтты.
Оның айтуынша, жұбайы ұялы телефонын үйде қалдырып, белгісіз бағытта қыдырып кеткен.
Бірнеше күн әйел жоғалған күйеуін өз күшімен іздеген. Іздеу нәтиже бермей, ол ақыры полициядан көмек сұрады. Тәртіп сақшылары дереу іздеу шараларын бастады. Іздеу үшін топ құрылды. Куәгерлерден, көршілерден сұхбат алынды. Екі апта бойы іздеу жұмыстары жүргізілді. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ер адам Түркістаннан табылды, дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Белгілі болғандай, ер адам досымен бірге Сырдария өзеніне балық аулауға кеткен, содан кейін Түркістанға жұмысына келген.
Полицейлер облыс орталығынан ауыл тұрғындарын тауып, үйлеріне аман-есен жеткізді. Жоғалған адамның әйелі тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс білдірді, деп қосып қойды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Бақытжан Отарбаева