Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер балаға диагнозы дұрыс қоймаған. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады.
"Ауруханаға 26 қаңтарда түстік. "Иммундық тромбоцитопения" деп диагноз қойды. Ондай ауруды өмірде көрмегенбіз, білмейміз. Бала өз аяғымен келді. Жұма күні азанда аяғы көгере бастады. Кешке дейін үлкейіп кетті. Таңертең гемоглобин түсіп кетті". Анасы Күмісай Әбдіраманова
Бұл отбасы қазір таңнан кешке дейін ауруханада жүр. Оның үстіне, кей дәрі-дәрмекті 500 мың теңгеге сырттан сатып алған.
"Басында аяғында кішкентай дақ болған. Екінші күні көргенімде аяғы ісіп кеткен. Үшінші күні өкпе, жүрек, бауырдың тұсы адамның саусағы кірмейтіндей ісіп кеткен. Балама дұрыстап қарағанын қалаймын. Осындай жағдайға душар болады деп ойлаған жоқпын". Әкесі Нұрхан Омаров
Аяғы ісіп, есін әзер біліп жатқан науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
"Бізге бастысы диагноз қою керек. Қазіргі баланың ауруы қан ауруына келеді. Анализін гемотолог дәрігерлер қарап отыр. Қандағы өзгеріс өте көп. Зәр шығару аз, бірақ бөліп жатыр. Іріңді процес жоқ па? Тексердік. Ол ісік болған соң, барлығына қараймыз". "Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы" МКҚ директорының орынбасары Асқар Қалиев
Медицина мамандарының айтуынша, дәл осыған ұқсас аурумен бір жылда 700-ге жуық бала ауруханаға жатқызылады екен. Оның тұқым қуалайтын түрі де кездеседі.
Дәрігерлер қан құрамы бұзылып, қапыда қиындыққа тап болған баланы қараусыз қалдырмағанын айтады. Қазір анализдерді тәуелсіз зертханаға жіберген. Енді қорытындысына қарай ем қолданылмақ. Ал баланың ата-анасы дәрігерлердің үстінен арыз жазған.