Пандус проблемасы миллиондарды толғандырады

Алматы көшелерінде мүгедектер арбасымен жүрген адамдар сирек кездеседі. Ал ресми мәліметтерге сүйенсек, оңтүстік астанада мүмкіндігі шектеулі 120 мыңға жуық адам, оның ішінде арбасыз жүрмейтіндер де тұрады.

Сонда олар үйлерінен шыққысы келмей ме? Немесе қалада оларға тиісті жағдай жасалмаған ба? Осыны біліп көруге тырыстық.

Мүгедектерге арналған инфрақұрылымның ең қарапайым түрі – коммерциялық және әлеуметтік мекемелердің жанындағы пандустар. Өкінішке орай, қазіргі таңда олардың жағдайы көңіл көншітпейді. Мәселен, Алматының адам ең көп шоғырланатын аудандарының бірі – Көк базар мен іргелес көшелерді алып көрейік.

Мүгедектерге жағдай жасағысы келмейді деп, немқұрайлық танытқаны үшін бизнес өкілдерін кінәлауға болар еді. Алайда, көп жерде аяқжолдардың жағдайы да мәз емес. Ал бұл өз кезегінде қала билігінің жауапкершілігі.

Сурет: АПН

Мысалы, Жангелдин көшесіндегі мына аяқжол аумағы. Адам көп өтетін орын, автобус аялдамасы орналасқан. Мұнда тік бұрышпен көтерілген дөң тұр, ал түбі қирап, түсіп қалған. Бұл жерден арбамен жүретін мүгедек те, бесік арба итерген ана да, арба сүйреген әже де өте алмайды. Ал жақын маңда шаһардағы ең үлкен базарлардың бірі орналасқанын еске сала кетейік.

Жалпы, базардың өзінде де барлық жөндеу жұмыстарына қарамастан, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмаған. Көкөніс қатарларына апаратын баспалдақтарда ешқандай пандус немесе арнайы лифт жоқ.

Сурет: АПН

Сондай-ақ базардың ішінде де арбамен жүретін мүгедектер үшін бір қабаттан екінші қабатқа көтерілетін мүмкіндік жоқ.

Базарға іргелес тұрған сауда павильондарының жағдайы да мәз емес. Пушкин көшесі жағынан кез-келген адамды қорқытатын баспалдақ бар, бірақ мұнда да пандус та, лифт те жоқ.

Сурет: АПН

Дегенмен, жақын маңдағы көптеген сауда нүктелері мен қызмет көрсету мекемелерінде пандустар қойылған. Алайда, негізінен олар жай көзбояушылық үшін салынғандай әсер қалдырады.

Мәселен, мына бизнес-орталықтың кіреберісінде дәріхана және тағы басқа нысандар орналасқан. Пандус бар, бірақ біреудің мынадай тік бұрышпен көтерілуге тәуекел етуі екітайлай. Оған қоса, кішкене жаңбыр жауса, беті мұз болатын плиткалық жабындымен төселген. Сондықтан, бұл жермен түсемін деген адам денсаулығын одан бетер нашарлатып алуы ғажап емес.

Негізі, мемлекеттік стандарттарға сәйкес, пандус биіктігінің ұзындыққа қатынасы 1:20 болуға тиіс, кейде 1:12-ге рұқсат етіледі. Бекітілген ені кемінде 1,2 метр, екі жағында тұтқалар болуы керек.

Сурет: АПН

Кейбір мекемелердің жанында пандус пен тұтқалар жасалған, бірақ олардың бекітілген стандарттарға сәйестігі үлкен күмән тудырады.

Барлығына бірдей топырақ шашпай, дұрыс салынған инфрақұрылымдар бар екенін де атап өткіміз келеді. Олар негізінен мемлекеттік мекемелерде немесе жаңа тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтарында байқалады. Көтерілу бұрышы да, ені де – барлығы сауатты жасалған, мәселеге жауапкершілікпен қарағаны көрініп тұр.

Сурет: АПН

Сондай-ақ діни мекемелерде – мешіттерде, шіркеулерде және басқа да діни нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін келіп-кетуіне жағдай жасалған.

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның мәселесін қалай шешуге болады? Билік бұл тұрғыда қол қусырып отыр деуге келмейді. Мәселен, әртүрлі нысандардың стандарттарға сәйкестігін төлқұжаттау шарасы бұрыннан жүргізіліп келеді. Бұзушылықтар үшін айыппұл салынады: пандемияға дейінгі 2019 жылы 212 ұйым жалпы сомасы 46 млн теңгеге айыппұл арқалаған.

Айыппұл көлемі де елеулі: шағын бизнес үшін 120 АЕК-тен басталып, ірі бизнес үшін 400 АЕК-ке дейін барады. Алайда, жоғарыдағы фотосуреттерге қарағанда, айыппұл арқылы пандус орнату мәселесі ішінара шешімін тапқанымен, олардың сапасы әлі көңіл көншітпейді.

«Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» РҚБ атқарушы директоры Анар Төребаеваның пікірінше, айыппұл көлемін арттыру кемшіліктерді жоймайды.


«Нақты қалыптасқан жүйе жоқ. Жекелеген ҚНмЕ (құрылыс нормалары мен ережелері), заңдар бар, онда кәсіпкерлер мүгедектігі бар адамдар үшін тең жағдай жасауға міндеттеледі. Бірақ, іс жүзінде бұл нашар жұмыс істейді. Мысалы, мен сарапшы ретінде нормаларға сәйкес келмейтін пандусты көрсем, ештеңе істей алмаймын. Олқылықты түзеу үшін арбаға таңылған адамның белгілі бір жерге шағымданып, өтініш жазуы қажет. Содан кейін инспекция келіп, жалпы жағдайды емес, тек пандусты тексереді. Бұл рәсім барынша бюрократияланған және онымен айналысқысы келетіндер аз», – дейді Туребаева.

Оның пікірінше, бұл мәселе кешенді жұмыс жүргізуді, нақты құқықтық база қалыптастыруды, мамандар даярлауды талап етеді. Оның үстіне, мұндай инфрақұрылымдар мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, қарттарға, аяғы ауыр әйелдерге, уақытша мүгедектерге (мысалы, аяғы сынғандар, жарақат алғандар) және кішкентай балалары бар ата-аналарға да қажет.



Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: