Өрт сөндіру кезінде қаза тапқан Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды

Мемлекет басшысының қаулысымен ҚР ТЖМ Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінің № 7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Арслан Құрманбеков қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін мараптталды.

Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын Алматы қаласы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған. Алматы қаласы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған. "Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған.

Арслан Құрманбеков 2023 жылғы 8 мамырда Іле-Алатау табиғи паркіндегі тау бөктеріндегі өртті сөндіру бойынша жедел топ құрамында қызмет атқару кезінде қайғылы қазаға ұшырады.

Медеу маңындағы тау бөктеріндегі өрт 7 мамыр күні сағат 23:52-де басталған.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: