"Оның қолында тапаншаға ұқсайтын зат болған. Оған қоса денесі мен қолына қолдан жасалған жарылғыш затқа ұқсас зат бекітілген. Ол заттар сараптамаға жіберілді. Оның шынымен жарылғыш зат болғанын немесе муляж екенін сараптама анықтайды". Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев
Сондай-ақ вице-министр күдіктіні ұстау кезінде полиция қалай әрекет еткенін айтып берді. Оның айтуынша, күдікті кепілдегі адамдарға басқа есімді айтқанымен, жеке басы тез анықталып, келіссөзге туыстары тартылған.
"Жамбыл облысына шықтық, біздің бөлімшелер оның туыстарын тез тауып алып, солар арқылы оған ықпал етуге тырыстық, осылайша ол жасауы мүмкін деген әрекеттерді барынша азайттық. Бейбіт жолмен шешуге тырыстық, келіссөзден ештеңе шықпайтындай болған жағдайда іске арнайы бөлімшелеріміз кірісуі керек болған", – дейді Марат Қожаев.
Күдікті Жамбыл облысының тумасы Алихан Мурадов болып шықты. Оны ұстауға Астана полиция департаментінің "Арлан" арнайы жасағы жұмылдырылды. Вице-министрдің айтуынша, арнайы жасақ іс жүзінде күдікті мен кепілдегі адамдарға зиян келтірместен дәл және жылдам жұмыс істеген.
18 маусым күні Астанадағы Достық көшесіндегі Kaspi банкінің ғимаратында қаруы бар ер адам тұрғындарды кепілде ұстап отырғаны хабарланды. Оқиға орнына барған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов күдіктінің талаптары заңсыз екенін айтты. Күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
20 маусым күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Әлихан Мурадовқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.