Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 1 тамызда өткен брифингте қазір барлық күш ауруханада жатқан балалардың денсаулығын тезірек қалпына келтіруге бағытталып жатқанын атап өтті.
"Орталық ауруханасында жатқан 147 бала ерекше бақылауда. Олардың денсаулыққа шағымы жоқ. Мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.Тергеу кінәлілерді заң шеңберінде анықтап, жазалайды", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Орталық директорының міндетін атқарушы мен 12 медицина қызметкері қызметінен шеттетілді. Оның орнына басқа медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері жұмысқа тартылды. Сондай-ақ басқа емдеу мекемелеріндегі балаларды бақылау және тексеру үшін өңірге медициналық бригадалар жіберілді.
"Өз тарапымнан бұл төтенше жағдай назардан тыс қалмайтынын айтқым келеді: кінәлілер заң аясында барынша жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Бірінші кезекте балаларды аман алып қалу болып тұр". Ермағанбет Бөлекпаев
1 тамыз күні Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны жөнінде ақпарат тарады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2023 жылғы 30 шілдеде орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген: құсып, іші өткен. Осы мекеменің тағы 10 баласы 31 шілдеде осындай белгілермен ауруханаға түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, бір бала көз жұмды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы жағдайға байланысты Қарағандыға барды.
Бас прокуратура осы іске қатысты ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шамамен 14:30-да Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы екі бала түскенін хабарлады.