Костенко атындағы шахтадағы апат: Марқұм кеншілердің туыстарына қандай көмек көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында Костенко атындағы шахтададағы апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстарына қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында қаза тапқан кеншілердің 46 отбасы БЖЗҚ арқылы жерлеу рәсімі үшін біржолғы төлем құжаттарын рәсімдегенін жеткізді.

"42-сіне төленді, қалғандары бойынша төлем рәсімдері жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын және өзге кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасыға асыраушысынан айрылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Сонымен қатар, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына тағы да өзге қолдау көрсетіледі", - деді ол.

Оның айтуынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тарапынан 41 отбасыға 10 жылдық көлемінде жалақы төленген. Қаза тапқан кеншілердің жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ, компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр есепті ескере отырып, пәтер сатып алуға міндеттелді. Сақтандыру төлемдері, 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарындағы балаларға оқу ақысы қараша айынан бастап төлене бастайды.

"Зардап шеккен 10 адам дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәреже делінеді. Олар қажетті медициналық көмек алуда", - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтадағы трагедия 2023 жылы 28 қазанға қараған түні сағат 02:33-те болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болды, жер бетіне 206 кенші шығып үлгерді. Бастапқыда төрт құрбан туралы хабарланды, бірақ жер астында қалғандардың барлығы – 46 шахтер де қаза тапты.

Шахтадағы төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "АрселорМиттал Теміртау "компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

4 қарашада "АрселорМиттал Теміртауды" қазақстандық инвестор сатып алатыны белгілі болды. 

Қарағанды
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: