Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев үкіметтік комиссияға шахтадағы өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды

Қарағанды облысы, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ, Костенко шахтасы, шахтадағы жарылыс, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.10.2023 16:41 Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады, деп жазды Ақорданың Telegram-дағы арнасы.

"Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады", – деді Сырым Шәріпханов.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.

"Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жедел штаб отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.

"Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газбен уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды", – деді Ажар Ғиният.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді

"Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға байланысты 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бастапқыда төрт адам қаза тапты.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарағанды ​​облысындағы Костенко шахтасында алдын ала болжам бойынша, метан жарылғанын мәлімдеді.

Өрт шыққан кезде шахтада 252 кенші болған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 204 кеншіні сыртқа шығарды.

Шахтадағы кезекті апаттан соң "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік құқығы Қазақстанға берілетін болды.

ҚР ТЖМ таратқан мәлімет бойынша, Костенко шахтасындағы апатта қаза тапқандар саны 32-ге жетті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: