Атырауда қатты жел салдарынан ғимараттардың шатыры ұшып, айнала астан-кестен болды

2023 жылы 20 қарашада Атырау облысында жел 23-28 м/с жылдамдықпен ұйытқи соғып, салдарынан үйлердің, ғимараттардың шатырлары ұшып айнала астан-кестен болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, қазіргі уақытта өңірдегі құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. 

"Атырау қаласында қатты желдің салдарынан Махамбет көшесі, 118 "г", Нұрсая ы/а, №1,  Әуезов көшесі, №58, Н. Ондасынов көшесі, №109, Азаттық даңғылы, №133 "б", Азаттық даңғылы, №67, Қ. Ахмедияров көшесі, №19, Байжігітова көшесі, №61 мекенжайларында орналасқан үйлер мен ғимараттар шатырының ұшуы, балконның құлауы, теректің, күнқағардың құлауы сынды төтенше жағдай орын алды. Оқиға орындарында Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары альпинистік жабдықтар мен авариялық-құтқару құралдарының көмегімен конструкцияның авариялық фрагменттерді бекітіп, зақымдалған бөлшектерді алып тастап, жолдарды бүлінген шатыр конструкцияларынан тазартты". Атырау облысы ТЖД


Сурет: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі

Осылайша құтқарушылар тұрғындардың жарақат алу мүмкіндігінің алдын алды.

"Келіп түскен қоңыраулардың көптігіне қарамастан, құтқарушылар тез, жедел әрекет ете отырып, тұрғындарға көмек көрсетіп үлгеруде. Орын алған барлық жағдайда зардап шеккендер жоқ", делінген хабарламада. 

Айта кетсек, СҚО-да 150-ден аса елдімекен қатты желдің салдарынан жарықсыз қалған.

 

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: