Павлодар облысында бір үйір жылқының қырылуына не себеп болғаны айтылды

Мамандардың жануарлар жем-шөптен улануы мүмкін деген болжамы расталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қараша айының басында Павлодар ауданының Максимовка мен Розовка ауылдарының арасында жаппай қырылған жылқылар табылған болатын. Ветеринарлар 51 жылқының қырылуын уланумен байланыстырған. Оның ішінде 5 бас жылқы "Кирова" ЖШС-ға, ал 46 бас жеке сектордың қожайындарына тиесілі, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ветеринариялық зертхана мамандары патологиялық материалды тексеріп, зерттеді. Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта жануарлардың аса қауіпті ауруларын жоққа шығарды. Басқармада сараптаманың қорытындыларымен бөлісті. 

"Жануарлардың тушасын тексеру кезінде жүрек ұлғайғаны анықталды, аш және тоқ ішектерден газдың иісі шыққан. Асқазанда қорытылмаған жасыл заттар табылды. Паренхимальды мүшелерде патологиялық өзгерістер жоқ, ал лимфа түйіндері ұлғаймаған",– деді басқармадағылар. 

Анамнез жинау кезінде "Кирова" ЖШС-ға қарасты арпа, сұлы, күздік қара бидай егілген егістік алқаптарында мал жайылып жүргені анықталды. Қалған малдарды көзбен қарап шыққан кезде 10 жылқының жүрісі дірілдеп, тыныс алуы қиындап, ісініп, іші өтіп кеткені белгілі болды.

"Күдікті диагноз – жайылымдық улану. Жануарлардың аса қауіпті ауруларын болдырмау мақсатында сынамалар республикалық ветеринариялық анықтамалық орталыққа жіберілді, нәтижесі теріс шықты," деп атап өтті басқармадан. 

Жануарлар бақылауға алынды. Өлген мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетсек, 2023 жылы 9 қарашада Павлодар облысында елу жылқының далада сұлап жатқан жерінен табылғаны хабарланған болатын

Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: