Облыстың солтүстігінде 30 м/с және одан да жоғары жылдамдықпен күшті жел байқалады. Қатты боран салдарынан облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысына шектеулер қойылды. Қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынды. Мектептер қашықтан оқытуға көшті.
Сонымен қатар кейбір елді мекендерде, соның ішінде Ақтөбеде электр желілерінің үзілді, кейбір аудандарда жарық сөніп, су беруде апаттық жағдайлар болды.
"Облыс тұрғындары мен қонақтарынан туындауы мүмкін келеңсіздіктерге түсіністікпен қарауды сұраймыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, оның салдарын жою үшін барлық коммуналдық қызмет күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Егер сіздерде жарық сөніп, судың тоқтауына қатысты мәселелер, басқа сұрақтарыңыз немесе қосымша ақпарат қажет болса, 109 телефоны бойынша бірыңғай байланыс орталығына хабарласыңыздар. Жаңалықтарды тек сенімді және ресми ақпарат көздерінен алыңыздар". Ақтөбе облысының әкімдігі
Синоптиктердің болжауынша, желді ауа райы 8 және 9 ақпанда да жалғасады. 8 ақпанда күндіз облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, боран болады. 9 ақпанда желдің жылдамдығы 9-14м/с, екпіні 15-20м/с, облыстың солтүстігінде кей жерлерде 25м/с күшейеді.
"Қауіпсіздік шараларын сақтау қажет екенін ескертеміз. Ғимараттар, құрылыстар, биік бағаналар, ағаштар, билбордтар және электр сымдарынан абай болу керек. Сондай-ақ елді мекендерден тыс жолға шығудан бас тартуды ұсынамыз. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық көрсетіңіздер, қауіпсіздікті сақтайық!" - деп кеңес берді әкімдік.