Халық пен президенттен кешірім сұраймын – Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындап, ісіне өкінді

Қайрат Сатыбалдыұлы Қазақстан халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өз сөзін Қайрат Сатыбалдыұлы кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс деп бастады.

"Халқымызда сөз бар, "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды." Қайрат Сатыбалдыұлы

Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек, — деп сөзін сабақтады Сатыбалдыұлы.

"Мен Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын. Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып, заң мен тәртіп болуға тиіс! Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын." Қайрат Сатыбалдыұлы

Сонымен қатар, Сатыбалдыұлы осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерін саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болғанын айтты.

"Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр." Қайрат Сатыбалдыұлы

Сөзінің соңында Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдайтынын жеткізді.

"Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын." Қайрат Сатыбалдыұлы


Молния Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: