Депутаттың айтуынша, бұл тақырыпты жасырған дұрыс емес.
"Жарияланған құжаттарда "Ескі Қазақстанның" саяси элитасының өкілдері, маңызды мемлекеттік лауазымдарда болған тұлғалар бар. Мұндай шенеуніктердің моральдық бейнесі мен байланыстары жеке өмір мәселесі емес, мемлекеттік қауіпсіздік пен ел беделі мәселесі. Мысалы, бұрынғы премьер-министр және ҰҚК төрағасы Қарим Мәсімов, қазіргі кезде мемлекетке қарсы әрекет және билікке талас жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр, жазбаларда кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан көрініп тұрғандай, Эпштейн мен Мәсімов таныс болған", – деді Рахымжанов.
Депутат келесі сұрақтарды жолдады:
- Жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік Эпштейнмен не үшін кездескен?
- Бұл кездесулер қай жерде өтті?
- Сол белгілі аралда өтті ме?
Депутат Рахымжановтың айтуынша, жарияланған құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше мәрте барғаны көрінеді. Сонымен қатар, файлдарда оның елдегі барлық байланыстары толық көрсетілмеген болуы мүмкін.
"Бұл жерде қарапайым жеке тұлға емес, халықаралық деңгейде жасөспірімдерді жыныстық эксплуатациялау желісін ұйымдастырған, саяси, қаржы және барлау саласында тұрақты байланыстары бар адам туралы сөз болып отыр. Халықаралық басылымдарда осы тергеу контексінде қазақстандық модель Руслана Коршунова да аталады, ол АҚШ-та белгісіз жағдайда қаза тапқан", – деп жалғастырды депутат.
Рахымжанов "Эпштейн файлдарында" аталған қазақстандық шенеуніктер мен оларға байланысты адамдар, олардың кездесулері мен мақсаттарын тексеруді талап етті.
Сонымен қатар, депутат төмендегідей мәліметтерді сұрайды:
- Қазақстандық басқа саясаткерлер, кәсіпкерлер және шоу-бизнес өкілдерінің Эпштейнмен ел ішінде немесе шетелде қандай да бір байланыстары болды ма (бейресми кездесулер, жабық келіссөздер, ақпарат алмасу немесе кез келген өзге әрекеттер).
- Ұлттық қауіпсіздікке мүмкін болатын қауіптердің құқықтық бағасын беру, соның ішінде шенеуніктердің компрометациялану қаупі және мемлекеттік құпиялардың таралуы.
- Тексеру нәтижесі және болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін қабылданған шаралар туралы Парламент пен қоғамға хабарлау.