Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша алдымен кәсіби сарапшылардың қорытындысын күту қажет.
"Құрылыс кодексі қабылданған, онда қала құрылысы саласына қатысты бірқатар нормалар жетілдірілген. Жауапкершілік құрылыс салушыларға, жобалаушыларға және өзге де қатысушыларға жүктелген. Алайда нақты осы жағдайға қатысты өрттің шығу себебін анықтайтын сарапшылардың қорытындысына сүйену қажет", – деді Сапарбеков.
Вице-министрдің айтуынша, бұл мәселеде азаматтардың азаматтық жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады, әсіресе көліктерді дұрыс қою мәдениеті.
"Көліктер өте алмағаны туралы пікір бар, мұндай жағдайлар кездесуі мүмкін. Дегенмен автокөліктерді арнайы белгіленген орындарға дұрыс қою мәселесін де ескеру қажет. Бұл жерде азаматтардың жауапкершілігі мен мәдениеті маңызды. Мұндай жағдайлар болуы мүмкін, бірақ бұл көбіне тәрбиелік сипаттағы мәселе", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрт салдарынан үш баланың қаза тапқаны хабарланған болатын.