Ведомствоның мәліметінше, әсіресе сенбіліктер өткізу, аула аумақтарын, бау-бақша және саяжай учаскелерін тазалау кезінде сақтық шараларын күшейту қажет. Құрғақ, ыстық және желді ауа райында от жағуға және қоқыс өртеуге қатаң тыйым салынады.
Қолайлы ауа райы жағдайында от жағуға және қалдықтарды өртеуге тек ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, арнайы белгіленген орындарда және тұрақты бақылаумен ғана рұқсат етіледі.
Мангалды (барбекю, гриль) ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 10 метр қашықтықта пайдалануға болады. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт сөндіргіш немесе кемінде 10 литр су болуы тиіс.
ТЖМ азаматтарға келесі қауіпсіздік талаптарын еске салады:
- сөндірілмеген темекі тұқылын, сіріңкені және от көздерін тастамау;
- құрғақ шөпті өртемеу;
- тұрғын үй және саяжай аумақтарын құрғақ шөп пен жанғыш қалдықтан үнемі тазалау;
- балалардың отпен ойнауына жол бермеу.
Өрт белгілері байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау қажет.
Сондай-ақ министрлік су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын ескертті.
"Балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыздар, әсіресе ауа райы жылынған және табиғатта демалыс белсенді болатын кезеңде. Азаматтарды жауапкершілік танытып, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз", – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кенгірбай Есенеев заңсыз пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтқан болатын.