Биылғы жылдың төрт айында есірткі қылмыстары үшін 76 шетел азаматы ұсталды. Олардың 23-і есірткі сатқан, үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтаған, ал 29-ы есірткі контрабандасына қатысқан. Сонымен қатар, шетелдіктердің қатысуымен есірткіні өсіру, жарнамалау және насихаттауға байланысты жекелеген деректер анықталды.
Халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіруді қашықтан ұйымдастырған.
Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы ұсталды. Ол есірткі жасырын орындарға қоюмен айналысқан. Тінту барысында одан 1,5 кг синтетикалық және каннабис тектес есірткі заттары тәркіленді.
Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы құрықталып, одан 1,2 кг "A-PVP" синтетикалық есірткісі алынған.
Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Ол есірткіні жасыру тәсілімен таратумен айналысқан. Оның әрекеті нәтижесінде 30 грамм "мефедронның" айналымға түсуіне жол берілмеді.
Осылайша, есірткі тарату арналарына тосқауыл қойылды.
Есірткі қылмысы трансұлттық сипатқа ие болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыс халықаралық әріптестермен бірлесіп жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңсыз есірткі айналымына байланысты кез келген әрекет қатаң түрде заң аясында тоқтатылатынын ескертті, деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.