Істің мән-жайы туралы өңірлік ПД баспасөз қызметі түсіндіріп берді.
"Павлодар облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Ақсу және Екібастұз қалаларының аумағында бірнеше рет бопсалау қылмысын жасады деген күдікке ілінген адамдар тобының заңсыз әрекетінің жолын кесті",- делінген ақпаратта.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер азаматтарды қорқытып-үркіту арқылы олардан жүйелі түрде ақша талап еткен.
"Зардап шеккендердің қатарында жоғары оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар. Жүргізілген тінту барысында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және қылмыстық іс үшін дәлелдемелік маңызы бар өзге де заттар тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілер пайдаланған автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды". Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі
Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Диас Қадыровтың айтуынша, бопсалау деректері бойынша қылмыстық істер тіркелді.
"Полиция органдарына 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде".Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі
Бұған дейін 88 млн теңге көлеміндегі қайырымдылық қаржысын жымқырды деген күдікті Оралда ұсталғанын жазғанбыз.