Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 29 шілдеде Ақорданың баспасөз қызметі ресми мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының өкімімен Арман Қайратұлы Исағалиев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Арман Исағалиев 1972 жылғы 13 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін тәмамдаған. Мароккодағы Сиди Мұхаммед бен Абдалла университетінде және Мысыр Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық институтта білім алған.
Еңбек жолын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушы болып бастаған. Кейін Қазақстан Ғылым академиясының Шығыстану институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
2000 жылдан бері дипломатиялық қызметте. Қазақстанның Мысырдағы және Сауд Арабиясындағы елшіліктерінде қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында сектор меңгерушісі болған. Сондай-ақ Қазақстанның Дубайдағы және Солтүстік Әмірліктердегі бас консулы қызметін атқарған.
2017–2020 жылдары Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ қоса атқару бойынша Алжир мен Тунистегі елшісі болған.
2020 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Катардағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.
2026 жылғы 22 шілдеде Қазақстан Президенті бірқатар елге жаңа елшілер тағайындады. Тұғжанов, Бақаев және Сайынов енді Қазақстанның Өзбекстандағы, Ұлыбританиядағы және Румыниядағы елшілері қызметін атқарады.