Ұсынылған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері есірткі жеткізетін 33 халықаралық және 11 өңірлік арнаның жолы кесіліп, үш жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды.
"Барлығы 3,2 келі героин, 8 келі метамфетамин, 70,6 келі апиын, 129,7 келі гашиш, 16 келі гашиш майы, 282 келі марихуана, 156,5 келі қарасора, 56,4 келі психотроптық зат, сондай-ақ 20 тонна көкнәр сабаны шикізаты мен 3,8 тоннадан астам прекурсор тәркіленді", – деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесіп, есірткіге қарсы 21 халықаралық операция жүргізілген.
"Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен Қазақстанның 114 азаматы мен 7 шетелдік ұсталды", – делінген ҰҚК хабарламасында.
Бұдан бөлек, шекаралас мемлекеттердің аумағында халықаралық қылмыстық топтардың 14 мүшесінің заңсыз әрекеті тоқтатылды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
2026 жылғы 27 шілдеде синтетикалық есірткі сатты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінген азаматтың Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланғаны хабарланған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Алматы облысында аса ірі көлемде есірткі өндіруді ұйымдастырған. Кейін дайындалған психотроптық заттардың баламалары өңір аумағында жасырын орындарға қалдыру арқылы таратылған.