Нелля Михеева "Пятый регион" басылымына берген сұхбатында мәйітті тануға сіңлісінің барғанын айтты. Табылған сүйектің олардың әкесіне тиесілі екені расталған.
"Осындай ұзақ уақыттан кейін бұл оқиғаның ақыры бір шешімін тапқанына қуаныштымын. Алайда сол күндерді қайта бастан өткеріп, бүкіл сезім мен қиын жолды қайтадан өткеруге тура келіп отыр. Бұл өте ауыр. Ақыры әкемізді тапқанымызға және оны жер қойнына тапсыра алатынымызға қуаныштымын", – деді Нелля Михеева.
Оның айтуынша, 19 жыл бұрын әкесі екеуі мұздықтарға экспедицияға баруды жоспарлаған. Алайда соңғы сәтте жағдай өзгеріп, әкесі сапарға жалғыз аттанған.
"2007 жылы әкем екеуміз мұздықтар арқылы өтетін ауқымды әрі қызықты бағытты жоспарлап, оған бір жыл бойы дайындалдық. Бірақ сол кезде мен онымен бірге бара алмадым. Әкем бағытты алдын ала барлап қайту үшін жалғыз баратынын айтты. Ол кезде мен 24 жаста, ал сіңлім 17 жаста еді", – деді ол.
Нелляның сөзінше, әкесі тауға әрдайым белгіленген уақытқа кетіп, міндетті түрде мерзімінде оралатын.
"Оның кешігіп келген кезі болған емес. Бұл жолы ол тамыз айының басында кетіп, бір апта ішінде оралуға тиіс еді. Бірақ белгіленген уақытта да, одан кейін бір-екі күн өткен соң да келмеді. Сонда біз бір сұмдықтың болғанын түсініп, дабыл қақтық. Оның жүру бағыты бізге белгілі болды. Сол бағыттың бәрін әуеден шолып шықтық. Адамдарды көрген жердің бәріне қондық, бірақ ешкім ештеңе білмеді", – деді Нелля Михеева.
2026 жылғы 18 тамызда Беларусьтен келген туристердің Алматы тауларынан адам сүйегін тапқаны белгілі болды. 19 тамызда құтқарушылар мәйітті Северцев мұздығынан түсірді.
20 тамызда қазақстандық әйел шетелдік туристер Северцев мұздығынан тапқан сүйектің 2007 жылы жоғалып кеткен әкесіне тиесілі екенін мәлімдеді.