Туғандағы салмағы 4 келі, оның 2 келісі – ісік: Алматы дәрігерлері сәбиге бірегей ота жасады

Сурет: gov.kz
Алматы дәрігерлері жаңа туған қыз баладан салмағы 2 келі болатын ісікті алып тастады. Сәби 18 тамызда жүктіліктің 34-аптасында сегізкөз-құйымшақ аймағындағы ірі түзіліспен дүниеге келген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиғаның мән-жайын Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 7 қыркүйекте баяндады.

Тератома жүктіліктің 20-аптасында анықталған. Ата-анасы дәрігерлерден бірнеше рет кеңес алып, консилиумдардан өткен. Осыдан кейін жүктілікті мамандардың бақылауымен жалғастыру туралы шешім қабылданған.

Сегізкөз-құйымшақ тератомасы құрсақішілік даму кезінде қалыптасады және нәрестемен бірге ұлғаюы мүмкін. Кей жағдайда мұндай ісік ауыр асқынуларға әкеледі.

Жүктіліктің 34-аптасында әйелдің іші ауыра бастаған соң, дәрігерлер кесарь тілігін жасаған. Дүниеге келген бойда қыз бала Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді.

Сәби жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне жатқызылып, отаға дайындалды. Келесі күні дәрігерлер ісікті алып тастады.

"Бұл – құрамында әртүрлі тіндер, соның ішінде сүйек және жұмсақ тіндер, сондай-ақ кистозды қуыстар кездесетін сегізкөз-құйымшақ тератомасы. Бұл біздің тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі болды. Салмағы 2 келі болатын ісік нәрестенің өз салмағымен шамалас еді. Сәби 4 келі болып дүниеге келсе, соның тең жартысын ісік құрады", – деді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Ісікті алып тастағаннан кейін дәрігерлер пластикалық ота жасады. Операция сәтті өтті. Қазір қыз бала ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр.

Сәбидің анасының айтуынша, бұл – төрт ұлдан кейін дүниеге келген көптен күткен қызы. Ата-анасы диагноз туралы жүктілік кезінде білген.

Бұған дейін, 2026 жылғы 6 қыркүйекте, Алматыда үш магнит жұтып қойған бес жасар балаға ота жасалғаны хабарланған еді. Магниттер асқазан-ішек жолында ұзақ уақыт қалып, сирек кездесетін әрі қауіпті асқынуға әкелген.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

Елімізде кейінгі бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол салынды

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді