Туған күнге атылған отшашу айыппұлға әкелуі мүмкін

Фото: Zakon.kz
Түн ортасында туған күн иесінің құрметіне отшашу атылғанын көпшілік кемінде бір рет естіген болар. Алайда біреудің мерекелік көңіл күйі айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзуы мүмкін. Zakon.kz мұндай құттықтаудың қандай жағдайда айыппұлға әкелетінін анықтады.

Отшашуға әуестік қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл жерде әңгіме пиротехникалық бұйымдардың бағасы туралы ғана емес.

Ең алдымен, түнгі сағат 12-де отшашу ату Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша тыныштықты бұзу деп танылуы мүмкін.

"Қазақстанда аталған бапқа сәйкес жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейінгі аралық түнгі уақыт болып есептеледі. Сондықтан азаматтардың түнгі тынығуына кедергі келтіретін отшашу тыныштықты бұзу ретінде бағалануы мүмкін. Бұл үшін жеке тұлғаларға 5 АЕК, яғни 2026 жылы 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза қатаңдайды", – деп ескертті заңгер Вячеслав Сташков.

Алайда мәселе тұрғындардың тыныштығын бұзумен ғана шектелмейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабында елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін де жеке жауапкершілік көзделген.

Бұл құқық бұзушылық үшін 20 АЕК немесе 86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Егер 16 жасқа толмаған бала петарда қолданса, оның ата-анасына немесе заңды өкіліне де 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

"Демек нақты жағдайға қарай адам пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданғаны үшін де, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін де жауапқа тартылуы ықтимал", – деп түсіндірді заңгер.

Енді отшашу атылған жерге тым жақын орналасқан ғимараттар мен көліктердің қауіпсіздігіне тоқталайық.

Төтенше жағдайлар министрлігі пиротехниканы қолдану талаптарын әдетте Жаңа жыл қарсаңында еске салады. Дегенмен оларды қазір де еске түсірген артық болмайды.

"Пиротехниканы қолдан ұстап, балкондар мен лоджиялардан атуға тыйым салынады. Сондай-ақ оны ғимараттар мен автотұрақтардан 50 метрден жақын жерде, қалқалар мен ағаштардың астында және электр желілерінің маңында қолдануға болмайды. Кәмелетке толмағандардың пиротехниканы өз бетінше пайдалануына тыйым салынады".

Заңгер Вячеслав Сташковтың айтуынша, көпқабатты үйлердің арасындағы аулада, тұраққа қойылған көліктердің, кіреберістер мен терезелердің жанында отшашу ату қауіпсіздік талаптарын бұзу деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.


"Қазақстанның барлық қаласына ортақ отшашу атуға тыйым салынған аймақтардың бірыңғай тізімі бар деп айтуға болмайды. Нақты талаптар өрт қауіпсіздігінің жалпы қағидаларынан, пиротехникалық бұйымдардың айналымын реттейтін ережелерден және жергілікті шектеулерден туындауы мүмкін. Азаматтық пиротехникалық бұйымдардың айналымы Ішкі істер министрлігінің жекелеген нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі", – деп қорытындылады заңгер.

Ол түнгі уақытта өзгенің даңғаза мерекесін еріксіз тыңдаудан шаршаған тұрғындарға полицияға хабарласуға кеңес берді. Бұған дейін болған жағдайды бейнежазбаға түсіріп, оқиғаның орны мен уақытын тіркеп алған жөн.

Егер өрт шығу немесе адамдардың өміріне қауіп төну ықтималдығы болса, "112" нөміріне қоңырау шалу қажет.

Өйткені біреудің бірнеше минуттық қуанышы кейде той иелеріне де, айналасындағы адамдарға да орны толмас қайғы әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматыда шығарындылар деңгейі төмен аймаққа (LEZ) арналған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жекелеген талаптары күшіне енеді. Олардың қатарында азаматтық пиротехниканы қолдануға шектеу қою да бар.

Бұл тыйым бүкіл мегаполис аумағын қамтымайды. Ол тек шығарындылар деңгейі төмен аймақтың шегінде қолданылады. Алайда аталған аймақтың нақты шекарасы әзірге бекітілген жоқ.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент. Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

"Тұман түсіп, қатты жел тұрады". Дүйсенбіде еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанда бір күнде 12 орман өрті тіркелді

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Министрліктер мен мемлекеттік органдардың МКК органдарына мәліметтерді ұсыну қағидалары мен мерзімі бекітілді