Тергеу мәліметінше, "Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқыру схемасын ұйымдастырған. Осы дерек бойынша ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
"Кейін тұрғын үйлердің құрылысы Астана әкімдігінің қатысуымен аяқталды. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын өзге де азаматтарға берілуге тиіс болған", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
"Ол үшін іс жүзінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына бұрынғы күнмен жалған пай жарнасы шарттары рәсімделген. "Жалған үлескерлердің" атынан құқық қорғау органдарына өздеріне қатысты алаяқтық жасалғаны туралы арыздар берілген. Сол арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған. Сот шешімдерін кейін пәтерлерді олардың атына рәсімдеу үшін пайдалану жоспарланған. Бұдан соң жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғаларға сатып, түскен қаражатты схемаға қатысушылар арасында бөлісу көзделген", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Тергеу барысында схемаға 80-нен астам "жалған үлескер" тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған. Агенттік жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілгенін атап өтті.
"Схемада әр қатысушының рөлі нақты бөлінген: біреулері "жалған үлескерлерді" тауып, олардың атына жалған шарттар рәсімдеген, басқалары сол шарттарды үшінші тұлғаларға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуін сүйемелдеген. Жалған пай жарнасы шарттары азаматтарға сатылған. Оларға келтірілген залал 400 млн теңгеден асты", – делінген ҚМА хабарламасында.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің де іске қатысы бар екені анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды.
"19 адам күдікті деп танылды. Олардың тоғызына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
ҚМА түсіндіруінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
2026 жылғы 15 қазанда Қазақстанның батысында 251 млн теңге субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатқаны белгілі болды. ҚМА мәліметінше, күдікті инвестициялық субсидияларды қолма-қол ақшаға айналдырып, қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алған.