Істің мән-жайын 2026 жылғы 21 қазанда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Жазда ер адам жергілікті сауда орындарының бірінде уақытша жүк тасушы болып жұмыс істеген. Жұмыс барысында, соның ішінде тоңазытқыш жабдықтарын тасымалдап, орнатқан кезде қымбат радиаторларға назар аударып, мобильді қосымшалар арқылы олардың нарықтағы бағасын зерттеген. Ақша қажет болғанда ол нысанның күзет жүйесі мен ішкі орналасуын білетінін пайдаланбақ болған. Қоймаға ешкімге байқатпай кірген күдікті тоңазытқыш қондырғыларының бөлшектерімен қатар теледидар, үш қорап шыны ыдыс, бокалдар, тәрелкелер, оқтау және 10 метр сүрткіш шүберекті алып кеткен", – деп хабарлады полиция.
Полицияның мәліметінше, кәсіп иелеріне келтірілген жалпы шығын шамамен 500 мың теңгені құраған.
"Қазіргі уақытта полиция дәлелдемелерді жинауды аяқтады. Қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды", – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 20 қазанда Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері ер адам мен әйелден құралған қылмыстық жұпты ұстағаны белгілі болды. Олар ерекше тәсілмен бірнеше велосипед ұрлады деген күдікке ілінген.