Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы тұтанған.
"Соның салдарынан жапсарлас салынған құрылыс опырылып, артынша өрт шықты. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезелері зақымданды. Оқиға орнына облыстық ТЖД күштері мен техникасы дереу жетті. Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасы оларды ауруханаға жеткізді", – деп хабарлады ТЖД.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға департаменттің 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды.
"Оқиға орнында ТЖД бастығы жүр. Қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр", – деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін, 29 қазанда Атыраудың Авангард-2 шағынауданында үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта газ жарылған еді. Салдарынан бір адам зардап шекті.