Интернет үш айға өше ме: министрлік тараған қауесетке жауап берді
Фото: freepik
Қазақстандықтардың алаңдауына негіз бар ма? Zakon.kz осы сұраққа жауап іздеді.
Технологиялық өзгерістерге қатысты мұндай қауіп бұған дейін де болған. Мәселен, Қазақстанда 2024 жылы уақыт белдеуі өзгергенде, кейбір қолданушылар компьютерлер, смартфондар мен цифрлық жүйелердің жұмысы бұзылады деп алаңдаған еді. Алайда бұл қауіп расталмады. Енді жұрт арасында интернет бүкіл әлемде үш айға өшеді деген қауесет тарады.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әлеуметтік желілердегі бұл ақпаратқа түсініктеме берді.
"17 қарашада жаһандық кибершабуыл жасалып, соның салдарынан бүкіл әлемде интернет үш айға өшеді деген ақпаратты растайтын сенімді дерек жоқ", – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік өкілдері интернеттің өзара байланысқан көптеген тәуелсіз желіден тұратынын түсіндірді.
"Интернеттің бірыңғай басқару орталығы жоқ. Сондай-ақ ажыратылған жағдайда бүкіл әлемдегі интернеттің жұмысын тоқтататын жалғыз техникалық нүкте де жоқ", – делінген басылым сауалына берілген жауапта.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов журналистерге ықтимал кибершабуыл туралы ештеңе естімегенін айтты.
"Мұндай талқылауларды көрген жоқпын, сондықтан түсініктеме бере алмаймын", – деп қысқа жауап берді ол.
Бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов үкіметтің, соның ішінде ТЖМ-нің халықты азық-түлік пен күнделікті қажет заттарды алдын ала жинап алуға шақырған ешқандай хабарлама таратпағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, азаматтардың алаңдауына негіз жоқ.
Мамандар қазір барлық жүйенің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын және 17 қарашада да әдеттегі тәртіппен жұмыс істейтінін айтады. Олар "цифрлық ақырзаман" мен интернеттің үш айға өшуі туралы хабарламалардың жалған екенін атап өтті.
Сондай-ақ мамандар елдегі банктер, биржалар және өзге де қаржы институттарының жүйелері сенімді қорғалғанын айтып, олардың жұмысына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.