Белгілі болғандай, ол бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Оқиға Алматы – Екатеринбург автожолының 250-шақырымында болған.
Бұқар жырау аудандық патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде даладағы қара жолдың бойында тұрған Mitsubishi Pajero автокөлігін байқайды.
Көлікке жақындаған тәртіп сақшылары жүргізушімен алғашқы тілдесу кезінде-ақ алкоголь иісін сезген. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның мас күйде болғаны расталды.
Тексеру барысында 50 жастағы жүргізушінің бұрын мас күйде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Алайда бұрынғы жазадан сабақ алмаған ол тағы да заң талаптарын бұзған. Бұл жолы ер адамға әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция мас күйде көлік басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп екенін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты заң талаптарына сәйкес қатаң шара қабылданады.