Бұл туралы 2026 жылғы 22 қарашада Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қару мен патрондар Әуезов ауданындағы Садовников көшесінен табылған.
Оқиға орнына келген полицейлер қару мен оқ-дәрілерді процессуалдық тәртіппен алып қойып, сараптамаға жіберді.
"Қару мен оқ-дәрілер сараптамаға жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған қару газды қару санатына жатуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Қазір жедел уәкілдер қару мен оқ-дәрілердің қайдан шыққанын және кімге тиесілі екенін анықтап жатыр. Сондай-ақ полицейлер бұл қарудың қандай да бір қылмыста қолданылған-қолданылмағанын тексеріп жатыр.
Бұған дейін полицейлер Алматының таулы бөлігінде, Медеу ауданындағы саяжай алқабынан тастап кеткен қару мен оқ-дәрілерді тапқан еді.