Атырауда ерекше балаларды ұрып-соққан оңалту орталығының маманы 4 жылға сотталды

Атырау қаласының № 2 сотында қинау, яғни көрінеу кәмелетке толмағандарға қатысты ұдайы ұрып-соғу арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату фактісі бойынша балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Сот сотқа тартылушы К-ның міндеттеріне 45 минут ішінде жеке-дара ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлықты оңалту жұмыстары кіретінін анықтады. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандармен жеке сабақтар өткізу барысында үш кәмелетке толмаған бала: К., Б., А-ға ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қодану әрекеттері арқылы тән зардабын немесе психикалық зардап келтірген. Сотталушы К-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық өз дәлелін тапты". Атырау қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі

Прокурор К-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілдері прокурордың ұстанымымен келісіп, сотталушыдан моральдық залалды өндіріп алуды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.


"Сот жаза тағайындау барысында К-ның бұрын сотты болмағанын, асырауында жас баласының болуын жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот К-ны ҚР ҚК-тің 110-бабының 2-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ, К-дан жәбірленушілердің пайдасына 6 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндіріп алынды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: