Астанада тергеу изоляторына қоғамдық бақылау өкілдері ат басын тіреді

Елордалық ҚАЖД бастамасы бойынша Астана қаласының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкілі, Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар және Астана прокуратурасы басқармасының аға прокуроры тергеу изоляторында болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Олар режимдік корпустарды аралап, жаңадан келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерінің қосымша түсіндірілуіне, қорғаушы мен адвокатты қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ құқық қорғаушылардың араласуын талап ететін басқа да жайттарға ерекше көңіл бөлді.  

Мұнда сотталғандардың туыстары мен мекеме әкімшілігі арасында сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ пенитенциарлық процесте "ашықтық" қағидатын енгізу мақсатында сотталғандардың туыстары үшін "Ашық есік күндері" ұйымдастырылады. Ондайда сотталғандардың жақындары оларды ұстау жағдайын өз көздерімен көріп, тамақ мәзірімен танысып, тіпті тағамдардан да дәм тата алады.  

Сотталғандар тарапынан да, қызметкерлер тарапынан да құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін ҚАЖ мекемелерінде үздіксіз жұмыс істейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Мекеменің қызметіне нақты уақыт режимінде бақылауды жүзеге асыру үшін ондағы жазбалар прокуратура органдарына, ҚАЖК және ҚАЖД-ға жолданып отырады. Сотталғандар немесе қызметкерлер тарапынан орын алған кез келген бұзушылықтарға дереу ден қойылады.

"Біз ҚАЖД бөлімшелеріне "жұртшылықтың көзімен" мониторинг жүргізу мақсатында барамыз. Департамент пен мекеме әкімшілігі сотталғандар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған барлық қажетті шараны қабылдауда. Құқық қорғаушылардың жіберген барлық ұсынымдарын дереу назарға аламыз. Оның үстіне біздің осылай түзеу мекемелеріне жиі бас сұғуымыз сотталғандардың туыстары алаңдамас үшін ұйымдастырылады. Өйткені әр кез сайын біз өз жұмысымыздың нәтижелерін шығарып отырамыз. Мысалы, сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзу, оларды ұстау, атап айтқанда медициналық-санитарлық қамсыздандыру, еңбекті ұйымдастыру, оқыту және бос уақытты жоспарлау тұрғысында бұзушылықтар анықталған жоқ", - деп атап өтті ҚАЖД бастығы Дәулет Рахымбеков.
Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: