"Кейбір заңнамалық актілерге білім беру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын депутаттарға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан таныстырды.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – Қазақстанның мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою.
Заң жобасымен мынадай негізгі новеллалар ұсынылады:
- "баланы қабылдайтын кәсіби отбасы" институтын енгізу;
- балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама тәртібін енгізу;
- меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында білім алу кезеңінде балалардың жекелеген санаттарының қолдау алу құқықтарын қорғау (жалпыға бірдей білім беру қоры);
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқытуды енгізу.
Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері санын қысқарту тәжірибесін жалғастыру туралы мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Заң жобасымен баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу туралы түзетулер әзірленді. Анықтама үшін: бүгінде республикада 22 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Жүргізілген саясаттың нәтижесінде 12 жылда балалар үйінің тәрбиеленушілерінің саны 4 есеге төмендеп, балалар үйлерінің саны 2,5 есе азайды. Бүгінде 116 ұйымда 3 509 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр.
Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде мынадай жаңа тәсілдер әзірленді:
- балалар анықталғаннан кейін балалар үйлеріне емес, бірден отбасыларға табысталады;
- әр бала ата-аналардың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасындағы балалар саны 4 баладан арттырылмайды.
- асырап алушы ата-аналардың жастары 30-дан 53 жасқа дейінгі аралықта болады;
- баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан және қорғаншылық және қамқоршылық органдарында аккредиттеуден өтеді.
"Сонымен қатар отбасыларға жіберілетін балалар санаты кеңейтілді. Енді отбасыларға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар, панасыз, қараусыз қалған, арнаулы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалар да орналастырылады. Материалдық ынталандыру үшін әр жетім баланы асырап-бағуға 10 АЕК мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әр кәсіби тәрбиешінің қызметіне – 70 АЕК ақы төлеу көзделеді", - деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.