Апелляциялық шағым: Тұрлыхановтың ұлына қатысты сот үкіміне өзгеріс енгізілді

Алматыда түнгі клубтың маңында ерлі-зайыптыларды ұрып-соққан әскери қызметші Нұрасыл Болатқа қатысты алдында қабылданған сот үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Әскери сотының хабарлауынша, Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiрген әскери қызметші Нұрасыл Болатқа қатысты үкімді апелляциялық тәртіпте қайта қарады. 

Бірінші сатыдағы соттың үкімімен әскери қызметші кінәлі деп танылып, сот оған 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындаған. Сонымен қатар, жәбірленушілер пайдасына жалпы 1 000 000 (бір миллион) теңге көлемінде моральдық зиян өндірілген. 

"Сотта 2023 жылы 11 ақпанда сағат 02.00 шамасында "Ева" түнгі клубының жанында бұзақылық ниетпен жәбірленуші ерлі-зайыпты Ч.-ға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтірген. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкімнің мемлекеттік баж салығын өндіру бөлігі өзгертіліп, оның мөлшері 1 750 теңгеге дейін азайтылды. Сонымен қатар, сотталушыдан жәбірленушілер пайдасына 400 000 теңге көлемінде өкілдік ақы төлеу жөніндегі шығындар өндірілді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды", деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Қаулы заңды күшіне енді.

Айта кетсек, кеше, 29 қарашада Әскери сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты шыққан сот үкіміне қарсы апелляциялық шағымды қарастыруды қолға алғаны хабарланған.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: