Алқабилер соты психотропты затты дайындаумен айналысқан ақмолалықты айыпты деп таныды

Психотроптық заттар әзірлеумен шұғылданған Ақмола облысының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облысы сотының баспасөз қызметі ұсынған дерекке сүйенсек, Астрахань ауданының 41 жастағы тұрғынына әлеуметтік желідегі бейтаныс адамнан психотроптық заттар жасау арқылы ақша табу жөнінде ұсыныс түскен. Өз кезегінде сотталушы келісім берген.

"Азамат М." "жұмыс берушінің" нұсқауы бойынша қосалқы үй-жайда есірткі зертханасын ұйымдастырып, нұсқау бойынша кейіннен психотроптық зат дайындады. Үй-жайды (зертхананы) тінту барысында полиция қызметкерлері 5 келіден астам психотроптық затты, оларды дайындауға арналған түрлі аспаптар мен құрылғыларды тәркіледі", делінген сот хабарламасында.

 

Сотталушыға ҚР Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігі - психотроптық затты аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау және сақтау бойынша айып тағылды. Бұл бап мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.


"М-ға қатысты қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Олардың үкімімен М. кінәлі деп танылды. Оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", деп хабарлады соттағылар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Жұмыс берушіге" қатысты іс жеке өндіріске алынды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: