Қаскөйлер Instagram әлеуметтік желісінде national_bank_kazakhstan деген жалған парақша ашқан.
"Осы секілді фейк-парақшаларды ашу арқылы алаяқтар фишингтік хаттар жіберуден бастап азаматтардың жеке деректерін немесе қаражаттарын жымқыруды көздейтін түрлі жымысқы әрекеттерге барады. Ұлттық Банктің доменіне ұқсас атауларды қолдана отырып қаскөйлер фишингтік хаттарды жіберу үшін реттеушінің атынан жалған пошта ашады. Ондай хаттарда, әдетте, жалған сайтқа сілтеме беріледі немесе төлем жасауға арналған өтініштер мен танысуға шұғыл құжаттар болады. Сілтемеге басқан жағдайда пайдаланушының мобильді құрылғысын қашықтан басқаруға негізделген алаяқтардың зиянды бағдарламасы қондырылады". ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі
Қазақстан Ұлттық банкі өздерінің Instagram-дағы жалғыз ресми аккаунты – https://www.instagram.com/national_bank_of_kazakhstan екенін еске салады.
Алаяқтардың қақпанына түсіп қалмау үшін Ұлттық банк күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.
Сондай-ақ Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді.
"Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады", делінген хабарламада.