Видео сипаттамасында аталған оқиға Алматы облысының Қарасай ауданында болғандығы айтылады. Күйеуі балаларының көзінше әйелін ұрып-соққан. Көршісінің айтуынша, бұл отбасында тоғыз бала бар. Ал видеодағы 10 жасар ұл бала әкесінен шешесін ұрмауын сұрап, жалынуда. Өңір полициясы аталған видеоға қатысты түсініктеме берді.
"Желіде пайда болған отбасылық зорлық-зомбылық фактісі туралы ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз. Полиция қызметкерлері аталған оқиға бойынша тексеру жүргізді. Бұл факт шынымен де орын алғаны анықталды, бірақ оқиға 2019 жылы болған. Ол бойынша заңда белгіленген тәртіппен тиісті іс процессуалдық шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда қосымша тергеуді қажет ететін жаңа жағдайлар анықталған жоқ", делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің түсініктемесінде.
Қазақстандықтардан ақпаратты таратуда оған жауапкершілікпен қарау сұралады.
"Жалған немесе контекстен үзіп-жұлынып алынған мәліметтерді жариялау жұртты жаңылыстыруы мүмкін және халық арасында негізсіз толқу тудыруы мүмкін", – деп атап өтті полициядағылар.
Бұған дейін Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта бұзақылық ісі бойынша айыпталған Дидар Калиахметтен жауап алынғанын, ол алдымен "Қамажай" дүкеніндегі төбелес кезінде дәрігерлер мен полиция шақырмағаны үшін зардап шегуші Каржаубай Нұрымов пен оның отбасынан кешірім сұрағанын жазғанбыз.