Астана қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізуші алдыңғы мемлекеттік нөмірге техникалық май — солидол жағып қойған, ал артқы нөмірді қардан әдейі тазаламаған, соның салдарынан нөмір белгісі оқылмайтын күйге түскен.
"Аталған дерек бойынша жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін материалдарды қолдана отырып көлік құралын басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол әкімшілік қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Көлік коммуналдық айып тұрағына қойылды". Астана қалалық ПД баспасөз қызметі
Іс-шара басталғалы бері елордада барлығы 726 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 176 дерегі, нөмірсіз көлік басқарудың 41 фактісі, жалған нөмір қолданудың 5 жағдайы, сондай-ақ нөмір белгілерін тануға кедергі келтіретін материалдарды пайдаланудың 7 дерегі тіркелді.
Полиция мемлекеттік нөмір белгілерін жасыруға, өзгертуге немесе оқылмайтын күйге келтіруге бағытталған кез келген әрекет заңнамаға қайшы болып табылатынын және әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертеді.
Бұған дейін Ақтөбе облысында жалған нөмір таққан және нөмірлері боялған көліктер анықталғаны хабарланған.