Істің мәні
Конституциялық сот қазақстандық азаматшаның "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңның 50-бабының 4-тармағының конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады. Бұл тармақта банк құпиясын құрайтын мәліметтер тек клиенттің өзіне, не шот иесінің жазбаша келісімімен үшінші тұлғаларға немесе заңда көзделген өзге де негіздер бойынша ғана ашылуы мүмкін екені көрсетілген.
Өтініш беруші әйел некесін бұзғаннан кейін бұрынғы жұбайының банктердегі шоттарының бар-жоғы және олардағы ақша қозғалысы туралы ақпарат ала алмаған.
Екінші деңгейлі банктер мұндай мәліметтерді беруден бас тартып, банк құпиясы туралы заң талаптарына сүйенген. Бірінші сатыдағы сот та талапкердің банктерді тиісті ақпарат беруге міндеттеу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімінде шот иесінің жазбаша келісімінің жоқтығы және үшінші тұлғаға банк құпиясын ашуға құқықтық негіздердің болмауы көрсетілген.
Қазақстандық азаматшаның пікірінше, мұндай заңнамалық реттеу оның ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкіне қатысты құқығын жүзеге асыруына кедергі келтіреді және оны тең емес жағдайға қояды. Бұл өз кезегінде заң алдында бәрінің теңдігі, меншік құқығын қорғау және отбасыны қорғау жөніндегі конституциялық қағидаттарға қайшы келеді.
Конституциялық сот не шешті
Конституциялық сот даулы норманы Конституцияға сәйкес деп таныды. Сондай-ақ 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" жаңа заң 2026 жылғы 19 наурыздан бастап күшіне енетінін және онда ұқсас нормалар (69-бап) бекітілгенін түсіндірді.
Конституциялық сот өз ұстанымын қалай негіздеді?
Қазақстанның неке және отбасы туралы заңнамасы ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігі қағидатына негізделеді, оның ішінде олардың мүліктік құқықтарының теңдігі де қамтылады.
Конституция әркімге жеке өмірге қол сұғылмау құқығын, ана мен әкені және баланы қорғауды, сондай-ақ жеке салымдар мен жинақтардың құпиясын қамтамасыз етеді.
Конституциялық сот банк салымдарының құпиясына құқық дербес конституциялық құқық болып табылатынын және ол адамның отбасылық мәртебесіне қарамастан әркімге қатысты қолданылатынын атап өтті. Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарындағы теңдік олардың әрқайсысының жеке құқық субъектілігін, дербестігін және жеке өмірін қорғау құқығын жояды дегенді білдірмейді, сондай-ақ Конституция мен заңдарда белгіленген құпиялық режимдерін де жоққа шығармайды.
Конституциялық сот банктер туралы заңның даулы нормасында Конституцияның 26 және 27-баптарына қайшылық көрмейді. Себебі азаматтық, азаматтық іс жүргізу, банк және неке-отбасы заңнамаларының нормалары арқылы бір жағынан жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен банк салымдарының құпиясын, ал екінші жағынан ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігін, соның ішінде ортақ меншік құқығын іске асыру мен қорғауды қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетік қалыптастырылған.
Заңнамада банк құпиясын қорғау мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын жүзеге асыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер көзделген. Атап айтқанда, соттар өз өндірісіндегі істер бойынша банк құпиясын құрайтын мәліметтерді талап етуге құқылы.
Бұл, бір жағынан, жеке өмір саласына негізсіз араласуға сот бақылауын қамтамасыз етсе, екінші жағынан жеке мүдделер мен әркімнің конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Конституциялық сот Жоғарғы сотқа жеке өмір құпиясы мен банк салымдарының құпиясын қорғау туралы заңнаманы қолдану барысында туындайтын мәселелер бойынша сот тәжірибесіне түсіндірме беру кезінде осы нормативтік қаулыны ескеруді ұсынды. Бұл қаулы "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңның 62-бабының 2-тармағына сәйкес тікелей қолданылады және оны басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың растауы талап етілмейді.
Нормативтік қаулы 2026 жылғы 18 наурыздан бастап күшіне енді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті болып табылады, түпкілікті және шағым жасауға жатпайды.