2026 жылғы 31 шілдеде ол aktobetimes.kz басылымына 24 жастағы ұлы Рашид Қадыровтың Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруды көріп, соның жетегімен ақыры темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын айтқан. Ақтөбелік ана өзінің ұлы әлеуметтік желі арқылы адамдарды арбайтын халықаралық схеманың құрбаны болды деп есептейді.
Көпбалалы Нұрхан Қадырованың айтуынша, екі жыл бұрын ұлы ешкімге ескертпестен кенеттен үйден кетіп қалған. Кейін Рашид бейтаныс нөмірден өзі хабарласып: "Анашым, мен түрмедемін. Грекиядамын", – деген. Ол Instagram-нан жұмыс туралы хабарландыруды көргенін айтқан. Оған ұшақ билетін алып беріп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс уәде етілген. Алайда кейін бұл заңсыз мигранттар тасымалы екені белгілі болады.
Ақтөбеліктің айтуынша, тергеу кезінде ұлы өте ауыр жағдайға тап болған:
"Ол шет тілін білмейді, қасында аудармашы да болмаған. Оған тек құжаттарға қол қоюды бұйырған, "әйтпесе одан да көп мерзімге кетесің" деп қорқытқан. Қазір оған 125 жылға бас бостандығынан айыру жазасы мен қайта есептегенде шамамен 1 миллиард теңгеге жуық орасан зор айыппұл салынған. Ол өте жас, ақша тапқысы келді, бірақ осындай бәлеге ұшырады".
Осы жағдайға байланысты ресми түсініктеме алу үшін ҚР СІМ баспасөз қызметіне хабарластық.
"ҚР Сыртқы істер министрлігі Грекияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматы туралы ақпараттан хабардар. Аталған азамат грек сотының шешімімен мигранттарды заңсыз тасымалдағаны үшін жауапкершілікті көздейтін бап бойынша сотталған".
Сыртқы саяси ведомство түсіндіріп өткендей, жергілікті заңнамаға сәйкес бұл әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
"Грекиядағы біздің дипломаттар өз құзыреті шегінде азаматқа қажетті консульдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе министрліктің бақылауында", деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бұған дейін Павлодарда баласын азаптап өлтірген ер адам өмір бойына сотталғанын жазғанбыз.