Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елді басқарудың суперпрезиденттік формасының президенттік-парламенттік бағытқа қарай ойысатынын айтты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Шынында да, саяси реформалар өткізбей, ауқымды өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес, - дейді Ермек Жұматов. – Президент ұсынған реформалар елді одан әрі демократияландыруға бағытталған, ол сөзсіз. Кез келген дамыған елде билік бір адамның қолында шоғырланбауы тиіс. Бұл бастама сонысымен маңызды. Ермек Жұматов «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Спикердің айтуынша, аталмыш өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару органдарының маңыздылығын арттырады. Сонымен қатар, олардың жауапкершілігі де күшейе түспек.
Оның үстіне, Президент құзыреттілігінің шектелуі Парламент рөлінің артуына септігін тигізеді. Бұл, өз кезегінде, елдегі саяси белсенділікті күшейтіп, депутаттардың халық мүддесін шынайы түрде қорғауына жағдай жасайды, деп есептейді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, бірқатар реформалардың өткізілетінін жеткізді.