Мәжіліс депутаттары бүгін жалпы отырыста ЕАЭО шеңберінде несие тарихы бойынша мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялады.
Келісім кредиттік есептермен трансшекаралық алмасу тәртібін және берілетін ақпараттың тізбесін айқындайды. Мұндай ақпаратқа кредиттік есепті ұсыну туралы сұрату, кредиттік тарих субъектісінің келісімі, кредиттік есептің өзі, сондай-ақ кредиттік тарихты дауласуға қатысты құжаттар жатады.
Келісім шеңберінде ЕАЭО барлық елінің резиденттеріне басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан банктерде несиелік ресурстарға өтініш берген кезде тең жағдайлар жасалады. Ол резиденттерге несие беру бойынша шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ЕАЭО шеңберінде трансшекаралық кредиттеуді дамытуға ықпал етеді.
Келісім Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 (екі мың он тоғызыншы) жылғы 1 (бірінші) қазандағы шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың мәліметтерімен трансшекаралық алмасу үшін жағдай жасау.
Келісім талаптары бойынша кредиттік есептермен трансшекаралық алмасу міндетті түрде жеке немесе заңды тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады. Бұл ретте осындай ақпарат кредиттік қатынастарды ресімдеу немесе мониторингтеу мақсатында ғана беріледі. Анықтама үшін: келісу жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен ресімделеді, келісудің қолданылу мерзімі 6 айдан аспайды, келісуді сақтау мерзімі кемінде 3 жыл.
Келісім шеңберінде кредиттік есептермен трансшекаралық алмасу уәкілетті ұйымдардың шектеулі тізімі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда осындай уәкілетті ұйымдарға екі кредиттік бюро кіреді, бұл – «Мемлекеттік кредиттік бюро» және «Бірінші кредиттік бюро». Одақтың басқа елдерінде уәкілетті ұйымдарға: Ресейде – алты кредиттік бюро, Қырғызстанда – екі кредиттік бюро, Армения мен Беларусьте – бір кредиттік бюродан кіреді.
Кредиттік есептермен трансшекаралық алмасу үшін уәкілетті ұйымдар бір-бірімен тиісті шарттар жасауы тиіс. Мұндай шарттарда ақпараттық өзара іс-қимыл регламенті, берілетін деректер құрамы, электрондық мәліметтер форматы, сонымен қатар дауларды реттеу рәсімі болуы тиіс.