"Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
"Мен мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр", – деді мемлекет басшысы.
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бірнеше адам қаза тапты.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында алдын ала болжам бойынша, метан жарылғанын мәлімдеді.
2023 жылғы 28 қазан күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртаумен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Шахтадағы кезекті апаттан соң "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік құқығы Қазақстанға берілетіні мәлім болды. ҚР Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.
Қазақстан үкіметі "АрселорМитал Теміртау" АҚ басқа шетелдік инвесторларға берілетіні жайындағы ақпаратты жоққа шығарды.