Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамаларды нақты жүзеге асыру үрдісі жалғасуда.
"Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасын қабылдады. Қазіргі қоғамның бес негізгі әлеуметтік мәселесін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы сөзінен кейін депутаттар аталған түзетулерді бастама ретінде көтерді", - деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында.
Атап айтқанда, Ұлттық құрылтайда Президент лудомания мыңдаған отбасыны бүлдіріп, көптеген адамды қылмысқа итермелеп, сансыз қиыншылықтарға соқтырып жатқанын баса атап өткен еді.
"Сондықтан Мемлекет басшысы Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдауды және лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Заң жобасы талқысына Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері белсенді қатысып, бұл мәселені қоғамдық салада алғашқылардың бірі болып көтергенін еске сала кетейін", - деді Қарин.
Айта кетсек, енді блогерлерге әлеуметтік желіде құмар ойынды жарнамалауға тыйым салынады. Сондай-ақ кез келген құмар ойынға тәуелді мемлекеттік қызметкер жұмысынан айырылады.