Оның айтуынша, Қазақстан аумағының 75% - ы табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарға жатады.
"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, табиғи және техногендік апат аймағы бар елдерде ықтимал ауқымды шығындарға байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы арнайы сақтандыру қорлары мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Шығындарды жабу үшін мемлекеттік қорлар құрылады, жетекші халықаралық қайта сақтандырушылардың міндетті қайта сақтандыру есебінен қаржының жинақталуы сақталып тұрады", – деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатордың айтуынша, ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі.
"Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған", - деді ол.
Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды.
"Төтенше жағдайдың шығындардын өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау керек. Төтенше апат қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру қажет",- деп толықтырды сенатор.
15 мамырдағы ақпарат бойынша, су тасқыны басталғаннан бері 61 151 қазақстандық өз үйлеріне оралды.