"Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс мазмұндық тұрғыдан толықтырылуда. Мемлекет басшысы мәдениет күндері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам фестивальдері, жастар форумдары мен басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына назар аударды.
"Өткен жылдар ішінде Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді
Қазақстанның төрағалығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған көптеген бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.
"Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса "Орталық Азия – 2040" өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды деп санайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
"Бүгінгі таңда халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің "Орталық Азия плюс" форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды
Президент атаған тағы бір маңызды міндет – жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллииард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
"Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді нығайту қажет", – деді Қазақстан Президенті.