Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасына сай туризм және Спорт министрлігі Қытайда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша спорт түрлерінен федерациялардың есебін тыңдауға кірісті.
Ең алдымен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының өкілдері есеп берді. Спорт функционерлері палуандардың көрсеткен өнері туралы, сондай-ақ орын алған жағдайды баяндады. Есеп беру жиынына грек-рим күресінен бас жаттықтырушы Юрий Мельниченко қатыспады.
Туризм және спорт министрі федерация басшылығына осы мәселе бойынша ескерту жасап, спортшыларымыздың қанағаттанарлықсыз өнер көрсеткенін атап өтті. Ол спортшылардың әлсіз функционалды және физикалық дайындығына ерекше тоқталды.
"Бірінші периодта күреседі, ал екінші кезеңде демігіп қалады. Жеке дайындық бағдарламасы жоқ. 2024 жылғы Париж олимпиадасында медальға ілігеді деген спортшылардың тізімін құрып, оларға толыққанды жағдай жасау қажет", – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Палуандардан кейін су спорты федерациясының өкілдері есеп берді. Су добынан еліміздің әйелдер құрама командасы қола медальді еншілеп, алға қойған жоспарды орындап шықты.
Ерлер құрамасы – Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары бола тұра финалға өте алмады, олар да қола жүлдені місе тұтты. Нәтижесінде 3-орын ватерполшыларымызды алдағы Олимпиадаға берілетін лицензиядан шеттетті.
Министр суда жүзушілер есебіне қанағаттанарлық баға берді. Азиадада 2 медаль алу жоспары орындалды. Ұлттық құраманың бас бапкері Илья Гусаков алдағы маусымға арналған бағдарламасын ортаға салып, жоспарымен бөлісті. Ол команда мүшелерінің орташа жасы 16-17 жас екенін және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті.