Дегенмен жанкүйерлер жарыс билеттерін қазірдің өзінде Olympic Hospitality пакеттері арқылы сатып ала алады. Кейінірек билеттерді ресми қайта сату платформасы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
2027 жылы ұйымдастырушылар Лос-Анджелес Олимпиадасының билеттерін ресми сатылымға шығарады. Сатылымның нақты басталу күні, сатып алу тәртібі және қолжетімді жарыс сессалары туралы ақпарат Олимпиаданың ресми ресурстарында жарияланады.
Сол жылы AXS, Eventim, Ticketmaster және Sports Illustrated Tickets платформалары негізінде билеттерді ресми қайта сату қызметі іске қосылады. Оның көмегімен жанкүйерлер пайдаланылмаған билеттерді өзге иелерінен қауіпсіз түрде сатып алып, алаяқтық қаупінен сақтана алады.
Olympic Hospitality
Қазірдің өзінде жанкүйерлер арнайы Olympic Hospitality бағдарламасы арқылы қызмет көрсету пакеттеріне тапсырыс бере алады. Бронь тапсырыс рәсімделген бойда расталады.
Бұл пакеттер жарысқа кіру билетімен қатар бірқатар қосымша қызметтерді қамтиды. Атап айтқанда, көрінісі қолайлы орындар, эксклюзивті лаундждар мен жеке ложаларға кіру мүмкіндігі, мейрамхана қызметі, сусындар, ойын-сауық бағдарламалары, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қонақүйге орналастыру нұсқалары ұсынылады. Ұсыныстармен танысып, бронь жасау үшін hospitality.la28.org ресми порталына кіруге болады.
Бағасы мен шектеулер
Ұйымдастыру комитеті билет бағасының қолжетімді деңгейде сақталатынын мәлімдеді. Ең арзан билеттердің құны 28 АҚШ долларынан басталады. Билеттердің шамамен жартысы 200 доллардан төмен, ал 75 пайыздан астамы 400 доллардан төмен бағамен ұсынылады. Ал ашылу және жабылу салтанаттарына арналған ең қымбат билеттер премиум санатына жатады.
Сатып алушылар үшін бірқатар шектеулер де қарастырылған. Бір адам ең көп дегенде 12 билетке дейін сатып ала алады. Оның ішінде ашылу және жабылу салтанаттарына жалпы лимит аясында төрт билеттен артық рәсімдеуге болмайды. Билет платформаларында 18 жасқа толған азаматтар ғана тіркеле алады. Сонымен қатар жасына қарамастан, оның ішінде кішкентай балалар да әрбір жарысқа жеке билетпен кіруі тиіс.
Еске салайық, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 14-30 шілде аралығында Лос-Анджелесте өтеді.