Golden Skate басылымына берген сұхбатында қазақстандық спортшы жарыстан алған әсерімен бөлісіп, алдағы маусымға қатысты жоспарларын айтты.
"Бүгін қатты толқып тұрмын, бірақ мұнда өнер көрсетіп жатқаныма шын жүректен қуаныштымын. Франциядағы Гран-при кезеңінен кейін маған өте қиын болды. Мен өзімді жақсартып, өз-өзіммен күрескім келеді. Бүгін соның біршама сәті түсті деп ойлаймын", – деді Шайдоров.
Мәнерлеп сырғанаушы жыл сайын шеберлігін шыңдауға тырысатынын, алайда әзірге толық қалпына келе алмағанын атап өтті.
"Жыл сайын нәтижемді жақсартып келемін деп ойлаймын. Келесі жылы бұдан да жақсы өнер көрсетемін деп үміттенемін. Бұл оңай болған жоқ, әлі толық қалпыма келген жоқпын. Дегенмен маусым барысында жағдайым жақсарады деп сенемін", – деді спортшы.
Сондай-ақ Шайдоров Олимпиада ойындарынан кейін Қазақстандағы жас мәнерлеп сырғанаушылардың алдында ерекше жауапкершілік сезінетінін айтты.
"Олимпиада ойындарынан кейін Қазақстандағы жас мәнерлеп сырғанаушыларға мотивация бере алатыныма қуаныштымын. Оларға қолдау көрсеткім келеді", – деп толықтырды ол.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінен кейін Шайдоров қысқа бағдарламада 94,87 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтаған еді. Алайда нәтижесін жақсарта алмады. Жарыстың соңғы күнінде алматылық спортшы еркін бағдарламада үш қателік жіберіп, 168,62 ұпаймен бесінші орнын сақтап қалды. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша ол 252,39 ұпай жинады.
Ал оның қарсыластары әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетті. Қытайдағы кезеңнің жеңімпазы жапониялық Као Миура (293,25 ұпай) атанды. Екінші және үшінші орындарды ресейлік Владислав Дикиджи (282,44 ұпай) мен Евгений Семененко (281,62 ұпай) иеленді.