Ведомство мәліметіне сүйенсек, алғашқы шара – "Тараз – қолөнершілер қаласы" халықаралық қолөнершілер фестивалі. Ол 2026 жылғы 23 сәуірде "Көне Тараз" тарихи-этномәдени кешенінде өтеді.
"Фестивальдің ашылуы сағат 10:00-де Dombyra Party бағдарламасымен басталады. Күн бойы қонақтарға киіз үйлер қалашығында концерттік бағдарламалар, Алматы, Түркістан және шетелден келген шеберлердің көрмелері мен шеберлік сабақтары ұсынылады. Көрмелер "Көркемсурет" галереясында, "Қолөнершілер үйінде", сондай-ақ кешеннің ашық алаңдарында ұйымдастырылады",- деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар, кешкі бағдарлама сағат 19:00-де басталып, ұлттық киімдер көрсетілімін және HasSak этно-фольклорлық ансамблі, "Қоңыр" тобы, Наркенже Серікбаева және өзге де өнерпаздардың қатысуымен гала-концертті қамтиды. Сонымен қатар көрме залында ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығының XVII маусымы көрсетіледі.
Ал, 2026 жылғы 25 сәуірге "Қызғалдақ мұра" халықаралық фестивалі жоспарланған. Іс-шара Талас ауданындағы Есейхан ауылының маңында өтеді. Фестиваль Жамбыл өңірін Грейг қызғалдағының тарихи отаны ретінде танытуға және экологиялық туризмді дамытуға бағытталған.
"Фестиваль бағдарламасында 20 киіз үйден тұратын этноауыл, сахна, ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар, фудкорт және тақырыптық фотозоналар қарастырылған. Қонақтар облыстық филармония әртістерінің концертін, "Қызғалдақтың шығу тарихы" атты театрландырылған қойылымды тамашалап, өңірдің туристік нысандарына танымдық экскурсияларға қатыса алады. Сондай-ақ ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер көрсетіліп, "Қымызмұрындық" рәсімі ұйымдастырылады".Туризм және спорт министрлігі
Фестиваль аясындағы ерекше оқиғалардың бірі – халықаралық экологиялық бастама: Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысына өңір аумағына отырғызу үшін 40 000 қызғалдақ пиязшығын табыстауды жоспарлап отыр.
Аталған фестивальдер өңір экономикасының дамуына серпін беріп, туристер ағынын арттыруға, инфрақұрылымды жетілдіруге және шағын әрі орта бизнесті қолдауға ықпал етеді.
Бұған дейін елімізде курортты өңірлерді дамытудың 2026-2029 жылдарға арналған жол картасы бекітілгенін жазғанбыз.