Табиғат пен тарих тоғысқан өлке: Алматы облысындағы танымал мекен несімен ерекше

Сурет: gov.kz
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бүгін 2026 жылғы 12 маусымда Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туралы қызықты мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство Қазақстанның табиғат кереметтерінің бірі – Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі екенін атап өтті.

"Алматы облысында орналасқан бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ 127050 гектар жерді алып жатыр және ЮНЕСКО-ның Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне енген",- делінген ақпаратта.

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2004 жылы экологиялық, ғылыми, тарихи және эстетикалық маңызы зор табиғи кешендерді сақтау мақсатында құрылған.

Мұнда миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ерекше ландшафттар, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі сақталған.

Парктің ең танымал нысандарының бірі – Шарын шатқалы.

Табиғаттың өзі сомдаған алып қамалдарға ұқсас қызыл жартастардан құралған бұл шатқалдың тарихы миллиондаған жылдарға созылады. Биіктігі 370 метрге дейін жететін шатқал Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейдегі табиғи мұралардың бірі болып саналады.

Шарынның тағы бір ерекше байлығы – Шарын ерен тоғайы.

Бұл – мұз басу дәуірінен бері сақталып келе жатқан сирек табиғи ескерткіш. Өзен бойында табиғи жағдайда өсетін соғды ерені ағаштары өткен дәуірдің үнсіз куәсіндей бүгінгі күнге жеткен. Жергілікті халық бұл ағашты "ерен" деп атайды. Әлемде өте сирек кездесетін бұл ағаштардың табиғи өсетін негізгі мекендерінің бірі дәл осы Шарын өңірі болып табылады.

Ұлттық парк құрамындағы Қызыл Қарасай мен Үлкен Бұғыты учаскелері де табиғи байлыққа аса бай.

Мұнда қарақұйрықтар еркін жайылып, бүркіт, ителгі, дуадақ секілді сирек құстар мекендейді. Сонымен қатар ондаған эндемикалық және сирек кездесетін өсімдіктер түрлері өседі.

Шарын ұлттық паркінің жануарлар дүниесі де ерекше.

Мұнда сүтқоректілердің 34 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және 246-ға жуық құс түрі тіршілік етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық, Түркістан сілеусіні, сабаншы және Орта Азия кәмшаты сияқты сирек жануарлар осы өңірді мекендейді.

Табиғатты тамашалауға келген қонақтар үшін парк аумағында жалпы ұзындығы 30,5 шақырым болатын төрт туристік бағыт ұйымдастырылған.

Шарын ерен тоғайы, Шарын шатқалы- Қамалдар аңғары, Бейіттер мен қорғандар бағыты және Темірлік – Кіші шатқал бағыты келушілерге табиғат пен тарихтың тылсым сырларын ашып көрсетеді.

Министрлік атап өткендей, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – бұл табиғаттың өткенін бүгінмен жалғаған, ерекше биоалуантүрлілікті сақтап тұрған баға жетпес мұра.

Оның әсем көріністері, бай табиғаты мен терең тарихы әрбір адамды таңғалдырып, туған жер табиғатын қадірлеуге шақырады.

Бұған дейін елімізде ұлттық парктер аумағына қонақүйлер, визит-орталықтар мен қазақ ауылдарын салу жоспарлануда екенін жазғанбыз.

Қазақстан
Алматы облысы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды

Алматыда 12 жастағы баланы өлтіріп кетті: күдікті – 13 жаста

1 шілдеден бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының 50% жеке инвестициялық компанияларға бере алады

“Оқуға түсіремін”: Астанада 8 млн теңгені алаяқтықпен иемденген күдікті ұсталды

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексінде не өзгереді